Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи БРИКС елдері Сыртқы істер министрлерінің саммиті аясында Нью-Дели қаласында екіжақты бірқатар келіссөз жүргізді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, БРИКС елдері Сыртқы істер министрлерінің екі күндік кездесуіне қатысу үшін Үндістан астанасына келген Аббас Арақчи кеше, бейсенбі күні Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модимен және оның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Аджит Довалмен келіссөз жүргізді.
Тараптар саяси, экономикалық, транзит және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты талқылады. Арақчи америкалық-израильдік шабуылдардан кейінгі жағдайды түсіндіріп, қақтығыстарды тоқтатуға шақырды. Үндістан тарапы аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысуға дайын екенін мәлімдеді.
Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуде екіжақты қарым-қатынас, көлік, энергетика мәселелері және Парсы шығанағында ұжымдық қауіпсіздік тетіктерін құрудағы БРИКС-тің рөлі талқыланды. Лавров экономикалық байланыстар мен транзиттік дәліздерді дамытудың маңыздылығын атап айтты.
Малайзия Сыртқы істер министрі Мохамад бин Хасанмен кездесуде аймақтық қауіпсіздік сөз болды. Арақчи Минабтағы мектепті бомбалау оқиғасын айыптағаны үшін Малайзияға алғыс айтып, Ормұз бұғазының қауіпсіздігіне тоқталды. Малайзия тарапы күш қолдануға қарсы екенін және дипломатияны қолдайтынын қуаттады.
Сондай-ақ, Аббас Арақчи Батыс Азиядағы жағдай мен халықаралық мәселелерді талқылау үшін Мысыр, Бразилия және Таиланд СІМ басшыларымен бөлек-бөлек келіссөз өткізді.














