Иран Сыртқы істер министрлігі Сириядағы соңғы оқиғаларға қатысты мәлімдеме жасады.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде Иранның Сирияның бірлігі, ұлттық егемендігі және аумақтық тұтастығын құрметтеуге негізделген принципті ұстанымын атап, ешқандай сыртқы араласусыз немесе сыртқы қысымсыз Сирияның тағдырын анықтау және оның болашағы туралы шешім қабылдау осы ел халқының ерекше құзыреті екенін баса айтты.
Иран Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінің мәтіні төмендегідей:
“Бұл мақсатқа жету үшін соғыс қимылдарын тез арада тоқтату, лаңкестік актілердің алдын алу және Сирия қоғамының барлық топтарының қатысуымен бүкіл Сирия халқын білдіретін инклюзивті үкімет құру үшін ұлттық диалогты бастау қажет.
Иран Ислам Республикасы бұрынғыдай БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сириядағы саяси процесті ілгерілету жөніндегі 2254 қарарына негізделген халықаралық тетіктерді қолдайды және осы бағытта Біріккен Ұлттар Ұйымымен сындарлы өзара іс-қимылды жалғастырады.
Сирия өз тарихының маңызды кезеңін бастан өткеріп жатқан бұл жағдайда барлық Сирия азаматтары мен басқа елдердің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ діни ғибадатханалардың қасиеттілігін сақтау, халықаралық құқық нормаларына сәйкес дипломатиялық және консулдық мекемелерді қорғау өте маңызды.
Иран мен Сирия халықтары арасындағы қарым-қатынастың ұзақ тарихы бар. Екі ел халықтарының байланысы достық қарым-қатынаста қалыптасты. Бұл қатынас екі елдің ортақ мүдделері мен халықаралық құқықтық міндеттемелерді орындауға негізделген дана және көреген көзқарасы негізінде дами береді деп күтілуде.
Иран Ислам Республикасы Сирияның Батыс Азия аймағындағы негізгі және ықпалды ел ретіндегі маңыздылығын қуаттап, Сирияда қауіпсіздік пен тұрақтылық орнатуда күш-жігерін аямайды және барлық мүдделі тараптармен, әсіресе аймақта кеңесулерін жалғастырады.
Иран Ислам Республикасы Сирия мен аймақтағы оқиғаларды жіті қадағалап, Сирияның саяси аренасындағы ықпалды ойыншылардың мінез-құлқы мен әрекеттерін ескеріп, тиісті көзқарастар мен ұстанымдарды қабылдайтыны анық.















