Иран Сыртқы істер министрі сеййіт Аббас Арақчи ертең, қыркүйектің 16 күні Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Бақайи мәлімдеді.
Бақайи тілшілерге берген сұхбатта Иран Сыртқы істер министрі сейіт Аббас Арақчидің ертең, сәрсенбі күні Бейжіңге сапармен баратынын хабарлады.
Сапар барысында Иран Сыртқы істер министрі қытайлық әріптесімен екіжақты қарым-қатынасты, сондай-ақ, аймақтық және халықаралық маңызды мәселелерді талқылап, пікір алмасады.
Айта кетейік, Иран мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары стратегиялық серіктестік деңгейінен геосаяси және экономикалық терең одақтастыққа қарай нығайып келеді. Батыс елдерінің қатаң санкцияларына тап болған Тегеран үшін Бейжің саяси қорған және экономикалық серіктес ретінде маңызды рөл атқарады.
2021 жылы қол қойылған ауқымды келісім екі ел арасындағы энергетика, қауіпсіздік, инфрақұрылым және технология салаларындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықтың негізін қалады. Бұл құжат Қытайдың Иран экономикасына, әсіресе мұнай және газ секторларына миллиардтаған инвестиция құюына жол ашты.
Қытай — ирандық мұнайдың ең ірі импорттаушысы. Батыстың шектеулеріне қарамастан, Бейжің Тегераннан көмірсутек шикізатын тұрақты түрде сатып алып, Иран экономикасының тірек болып отыр.
Қытай Иранды БҰҰ деңгейінде және басқа да халықаралық алаңдарда қорғап, батыстық санкцияларға қарсы тұруға көмектеседі. Сонымен қатар, Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымынa (ШЫҰ) және БРИКС тобына толыққанды мүше болуына Қытай тарапы белсенді қолдау көрсетті.
Екі мемлекет те АҚШ пен Батыс елдерінің жаһандық саясаттағы үстемдігіне қарсы бағытталған «көпполярлы әлем» құру идеясын ұстанады. Аймақтық қауіпсіздік мәселелерінде, әсіресе Батыс Азиядағы тұрақсыздық жағдайында олар өзара тығыз дипломатиялық үйлесіммен әрекет етеді.
Қытай үшін Иран — өз Жібек жолы бастамасы, «Бір белдеу, бір жол» шеңберіндегі маңызды транзиттік түйін әрі Таяу Шығыстағы энергия қауіпсіздігінің кепілі болса, Иран үшін Қытай — оқшауланудан шығар экономикалық және саяси тегеурін.














