Иран астанасы Теһран қаласында 5-6 наурызда Денсаулық сақтау министрлерінің қатысуымен халықаралық конференция өтеді.
IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауы бойынша, Теһран қаласында жоспарланған отбасы денсаулығы жөніндегі халықаралық конференцияға 24 елдің Денсаулық сақтау министрлері қатысады.
Иранның Шаһид Беһешти медициналық университетінің басшысы Алиреза Залидың айтуынша, халықаралық конференцияға аймақтық критерийлер негізінде және денсаулық сақтау саласындағы жаңа әрі табысты моделі бар елдер шақырылған. Алиреза Зали конференцияда медициналық-санитарлық алғашқы көмек саласындағы жетістіктерді талқылауға басты назар аударылатынын айтады.
Шаһид Беһешти медициналық университетінің басшысы бүгінде елдің шалғай аудандарында да медициналық қызметтің көрсетілуі медицина саласындағы үлкен жетістік екенін атап өтті.
Залидың пікірінше, медициналық-санитарлық алғашқы көмек отбасын қамтуда қиындықтарға тап болмас үшін отбасылық медицина бағдарламасын жан-жақты жүзеге асыру қажет. Университет басшысы ол үшін бенефициарлардың әлеуетті мүмкіндіктерін пайдалану керек екенін айтады.














