Канаданың жаңа премьер-министрі Марк Карни ант беріп, осы қызметке кіріскеннен кейін елінің ешқашан АҚШ-ның бір бөлігіне айналмайтынын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша 2013 жылдан бері Канаданың Либерал партиясын басқарып келген Джастин Трюдо биыл қаңтар айының алтысы күні жетекшіліктен кеткеннен кейін Канада Орталық банкінің басшысы болған Марк Карни осы партияның жаңа жетекшісі және елдің премьер-министрі болып сайланды. Карни партия мүшелерінің шамамен жетпіс алты пайыз дауысына ие болып, жетекшілік міндетін қабылдады. Ол наурыздың он төрт күні Оттава қаласында ант беріп, қызметіне кірісті.
Карни Оттавадағы Канада үкіметінің резиденциясы Ридо-Холлда ант бергеннен кейін сөйлеген сөзінде «Канаданы Америка Құрама Штаттарына қосып аламыз» деп қоқан-лоққы жасаған АҚШ президенті Дональд Трампты бірден сынап: «Біз ешқашан ешбір формада Америка Құрама Штаттардың бір бөлігі болмаймыз. Біз түбегейлі басқа елміз. Канада Америка Құрама штаттарынан құрмет көрсетуді күтеді”, — деді.
Карни жақында сайлау өткізілетінін айтып, Үкіметінің Трамп Үкіметімен жұмыс істеу жолдарын таба алатындығына үміт білдірді.
Айта кетейік, Марк Карни Канада Премьер-министрі қызметіндегі алғашқы шетелдік сапарында бүгін Франция астанасы Парижге келіп жетті. Парижде француз әріптесі Эммануель Макронмен кездесіп, сұхбаттасады.














