Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Ташкент-Хумо халықаралық әуежайында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша мәртебелі мейманның келуіне орай Қазақстан мен Өзбекстанның әнұрандары шырқалып, Құрмет қарауылының бастығы рапорт берді.
Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары бір-біріне екі елдің ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Сапар бағдарламасына сәйкес ертең президенттер келіссөздер жүргізеді. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен бүгін Ташкентке мемлекеттік сапармен барды.














