Нидерландтың Солтүстік Голландия провинциясындағы Алкмар қаласының билігі Израильдің «Хапоэл Беэр-Шева» футбол клубының жанкүйерлеріне жергілікті «Алкмар Занстрек» клубымен өтетін матчқа қатысуға тыйым салды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, командалар арасындағы кездесу 15 қазанға жоспарланған.
Қала билігінің шешіміне қауіпсіздікке қатысты алаңдаушылық себеп болған. Атап айтқанда, билік 2024 жылы Амстердамда «Аякс» пен Тель-Авивтің «Маккаби» клубы арасындағы матчтан кейін болған тәртіпсіздіктердің қайталануынан қауіптеніп отыр.
Ақпаратқа сәйкес, Палестинаны қолдайтын белсенділер Израиль клубының келуіне байланысты ауқымды наразылық акцияларын өткізуді жоспарлап отыр. Ал Нидерландтың «Алкмар Занстрек» клубының жанкүйерлері мұндай шерулерге қарсылық білдірген.
Бастапқыда қала билігі Израиль клубының жанкүйерлерін стадионға шектеулі құрамда кіргізу мүмкіндігін қарастырған. Алайда қауіпсіздік тәуекелі жоғары болуына байланысты оларды матчқа жібермеу туралы шешім қабылданды.
Алкмар мэрі Аня Схаутеннің айтуынша, бұл қадам жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, Амстердамдағыдай тәртіпсіздіктердің қайталануына жол бермеу мақсатында жасалған.
Құқық қорғау органдары қонақ команда жанкүйерлері келмеген күннің өзінде стадион маңында наразылық акциялары өтуі мүмкін деп болжап отыр. Израиль клубының футболшылары мен өкілдерін қорғау үшін матч кезінде қауіпсіздік шаралары қатаңдатылады.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы қарашада Амстердамда «Маккаби» жанкүйерлеріне жасалған шабуылдардан кейін полиция 62 адамды ұстаған болатын.
Соңғы жылдары Израиль клубтары мен құрамаларының қатысуымен өтетін матчтарға қатысты қауіпсіздік мәселесі бірнеше рет көтерілді. Мәселен, 2026 жылғы қыркүйекте Ирландия құрамасының футболшылары Израильге қарсы Ұлттар лигасындағы ойынға қатыспау жоспарын талқылаған болатын.














