Пентагон Иранға жасалған әскери операциялардан кейінгі шығындарды өтеу үшін Конгрестен шұғыл түрде 80 миллиард доллар бөлуді сұрады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, АҚШ Қорғаныс министрінің орынбасары Стивен Файнберг конгрессмендермен телефон арқылы сұхбатта Ирандағы әскери операциядан кейінгі шығындарды жабу үшін ведомствоға 80 миллиард доллар қажет екенін мәлімдеген.
Әскери жоғары лауазымды тұлғалар егер Конгресс қорғаныс шығындары туралы жаңа заң жобасын мақұлдамаса, осы жазда Пентагонның әскери операцияларды қаржыландыру қаражаты таусылып қалуы мүмкін екенін ескертуде. Сонымен қатар, конгрессмендер АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігінен 28 ақпанда басталған Иранға қарсы әскери операцияның толық құны туралы жан-жақты есеп беруді талап етіп отыр.
The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, заң шығарушылар әскерилердің әлемнің басқа аймақтарындағы қауіп-қатерлерге төтеп беруге қажет қымбат оқ-дәрі қорын тауысып алуынан қауіптенеді.
Бұған дейін мамыр айында Пентагонның қаржылық бақылаушысы қызметін атқарушы Джей Херст Сенаттың Қарулы күштер жөніндегі комитетіне техниканы жөндеу, ауыстыру және жалпы операциялық шығындар салдарынан әскери іс-қимылдарға жұмсалған қаражаттың 29 миллиард долларға жуықтағанын мәлімдеген болатын.














