Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы Үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді.
Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына қажет көмек көрсету туралы тапсырма берілді.
2025 жылдың 17 ақпанында Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішінде тау-кен массасы опырылып құлады. Қайғылы оқиға салдарынан жеті қызметкер қаза тапты. Олардың денелері сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полицияға берілді.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Ұлытау облысындағы ТЖ орнында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың басшылығымен үкіметтік комиссия жұмыс істеп жатыр.














