Татарстанның Қазан қаласы мен Иранның Исфаһан қаласы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.
Еуразия Тудейдің Қазан қаласы мэрінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшин Иран Ислам Республикасының Қазандағы Бас консулы Давуд Мирзаханимен кездесіп, Қазан мен Иран қалалары арасында білім, туризм, спорт және бизнес салаларындағы ынтымақтастықты нығайту жөнінде пікір алмасты.
Тараптар кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындап, Қазан мен Исфаһанның жетекші мектептері мен университеттері арасында байланыс орнатуға мүдделік танытты.
Кездесуде экономикалық байланыстарды дамытуға баса назар аударылып, Татарстан Республикасы мен Иранның Сауда-өнеркәсіп палаталарының қолдауымен “Исфаһан-Қазан” бизнес-форумын өткізу жоспарланды.
Аталмыш шара екі қала кәсіпкерлері арасында байланыс орнатып, тәжірибе алмасу және жаңа бизнес ашу мүмкіндіктерін талқылау алаңы болатыны айтылды.
Сонымен қатар, екі ел арасындағы туристік ағынды одан әрі дамыту мәселесі де сөз болды.
Тараптар Қазан мен Исфаһан қалаларында тұратын халықтардың тарихымен, мәдениетімен және әдет-ғұрыптарымен танысуға бағытталған Исфаһанда Қазан қаласының мәдени күндерін және Қазанда Исфаһан қаласының мәдени күндерін өткізуге уағдаласты.
Айта кетейік, Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшиннің сәуір айында Иранға барған сапарында Қазан қаласы мен Иранның тарихи Исфаһан қаласы арасында бауырластық орнату туралы келісімге қол қойылды.
Құжатқа Исфаһан қаласының әкімі Әли Қасемзаде мен Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшин “Чеһелсутун” мұражай-сарайында қол қойды.



















