Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасында Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынас орнату туралы келісім жобасының мәтіні бойынша келіссөздерді аяқтау жөніндегі мәлімдемелерін құптайды.
Еуразия Тудейдің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы Бейбіт келісім бойынша келіссөздердің аяқталуына байланысты мәлімдеме жариялады:
“Қазақстан Республикасы Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Армения Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасында Бейбітшілік және мемлекетаралық қатынастар орнату туралы келісім жобасының мәтіні бойынша келіссөздерді аяқтау жөнінде мәлімдемелерін құптайды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар мен осы тарихи құжатқа қол қою Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы қатынастарды қалыпқа келтіру, сондай-ақ бүкіл Оңтүстік Кавказ өңірінің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және өркендеуін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болатынына сенім білдіреміз.
Қазақстан Республикасы берік және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату мақсатында екі ел арасындағы конструктивті диалогты жалғастыруға бағытталған күш-жігерге өзінің табанды қолдауын тағы да растайды”.














