Еліміздің ұлттық астық операторы 30 жыл ішінде алғаш рет Армения Республикасына азық-түліктік бидай жеткізді.
Еуразия Тудейдің ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша бұл Қазақстан мен Әзербайжан президенттерінің келісімдерінің арқасында Әзербайжан аумағы арқылы транзитті қайта жандандырудың нәтижесінде жүзеге асты.
Ағымдағы жылдың 21 қазанында Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Илһам Әлиевтің кездесуі өтіп, онда Ереван бағытына жүк транзитіне қойылған барлық шектеудің алынғаны айтылды.
Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбіт келісімдерді қолдау мақсатында Қазақстан жаңа теміржол бағытымен азық-түліктік бидайдың пилоттық партиясын жөнелтті.
Бүгін 15 вагоннан тұратын пойыз Әзербайжан шекарасынан өтті. Бірнеше күннен кейін қазақстандық бидай Армениядағы Даларик станциясына жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Асылхан Джувашевтің айтуынша, жаңа транзиттік бағыттың ашылуы қазақстандық астық экспортының аумағын кеңейтумен қатар, Кавказ өңірі елдері арасындағы логистикалық байланыстарды дамытуға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға зор ықпал етеді.














