Астана қаласына Дүниежүзілік жол қауымдастығының (PIARC) құрамына кіретін 23 елден келген 50-ге жуық жол саласының өкілдері келді.
Еуразия Тудейдің ҚР Көлік министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Астанада PIARC қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен комитеттің жаңа құрамының отырысы өтіп жатыр.
ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев отырыста сөйлеген сөзінде жол инфрақұрылымын дамытуда серіктестікті нығайтудың, заманауи шешімдерді енгізу мен тәжірибе алмасудың маңызын қуаттады.
PIARC қауымдастығының Президенті Назир Алли шараны ұйымдастырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс білдіріп, бірлескен жұмыстың тұрақты әрі қауіпсіз көлік жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтты.
Шараға қатысушылар PIARC қауымдастығының 2025–2029 жылдарға арналған жұмыс бағыттарын, соның ішінде жолдарды жобалау мен пайдалану тәсілдерін жаңғырту, жол қауіпсіздігін арттыру, жаңа технологияларды енгізу және нормативтік стандарттарды жетілдіру мәселелерін талқылады.
Қазақстан 2023 жылы алғаш рет қауымдастықтың Атқарушы комитетінің мүшесі атанып, төрт жылдық өкілетке ие болды.











