Самарқандта экология саласындағы маңызды халықаралық шаралардың бірі – Жаһандық экологиялық қордың 8-ші Ассамблеясы өтеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша,
жиынға қатысушылар қордың саясатын қарастырып, алдағы экологиялық қызметтің басымдықтарын айқындайды.
Сондай-ақ, Жаһандық экологиялық қор қаржыландыратын жобалардың нәтижелерін бағалайды.
Ассамблеяның басты мақсаты — жаһандық экологиялық міндеттерді орындауды жеделдету.
Жиын барысында климаттың өзгеруі, су тапшылығы, шөлейттену және биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар, табиғат пен климатты қорғауға бағытталған Жаһандық экологиялық қордың 2026–2030 жылдарға арналған жаңа қаржылық стратегиясы бекітілмек.
Ассамблея аясында Орталық Азия мұздықтарының болашағына арналған арнайы іс-шара 3 маусым күні өтеді.
Жаһандық экологиялық қор, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы және ЮНЕСКО-ның Өзбекстанның негізгі жауапты ведомстволарымен бірлескен бұл жиынында аймақ криосферасының сын-қатерлері талқыланып, 2027–2035 жылдарға арналған өңірлік іс-қимыл бағдарламасы әзірленбек.
Айта кетейік, Жаһандық экологиялық қордың Ассамблеясы төрт жылда бір рет өткізіледі. Биыл іс-шара 30 мамыр мен 6 маусым аралығында өтеді.
Іс-шара 186 елден келген министрлерді, халықаралық ұйымдар мен бизнес басшыларын, азаматтық қоғам өкілдерін біріктіреді.














