Кеше, 10 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
Бұл туралы Ақорданың ресми Telegram каналына сілтеме жасап Zakon.kz хабарлады, деп жазады Еуразия Тудей сайты.
Ақорданың Telegram арнасында айтылғандай, Жарлық бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын және бизнес шығындарын азайту мақсатында кәсіпкерліктің еркіндігін қамтамасыз етуді қамтиды.
Аталмыш Жарлықта: Біріншіден, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтерге қатысты өлшемшарттарды әзірлеуді және олардың тізбесін қалыптастыруды қамтамасыз ететін Жекешелендіру жөніндегі ұлттық басқарма құру көзделген.
Екіншіден, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ мен оның еншілес компанияларында корпоративтік басқарудың тәуелсіздігі мен сапасын нығайту, сондай-ақ олар іске асыратын сатып алу барысын жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған.
Үшіншіден, өнім нарықтарында бәсекелестікті дамыту мақсатында бірқатар нақты шараны жүзеге асыру көзделген.
Төртіншіден, бизнес ашу және оны жүргізу үшін реттеу саясатын одан әрі жетілдіру және рәсімдерді ырықтандыру шаралары ұсынылады. Осылайша, тұтынушылардың квазимемлекеттік ұйымдар көрсететін коммерциялық қызметтерге қолжетімділігін, техникалық шарттарды алу және инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін оңайлату және автоматтандыру (цифрландыру) қарастырылған.
Қазақстандық стандарттарға сәйкес жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлемей, объектілерді салу үшін озық халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жобаларды пайдалануға мүмкіндік беру тапсырылады.
Бесіншіден, Жарлықта кәсіпкерліктің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге, соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан алу, мемлекеттік органдар бастамашылық ететін тыйым салу-шектеу шараларын прокурорлармен келісу және басқа да рәсімдер арқылы күшейтуге бағытталған іс-шаралар кешені жеке блок ретінде көрсетілген.
Қорытындыда Жарлықты іске асыру экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін өрелі және жедел түрде қысқартуға, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікке экономикалық кеңістікті кеңейтуге қосымша серпін беретінін айтылады.



















