Трамп бейбіт ядролық бағдарламаны мақұлдаудың басты шарты ретінде Сауд Арабиясын «Ибраһим келісімдеріне» ресми түрде қосылуға шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша АҚШ Президенті Дональд Трамп Ақ үйдің Эр-Риядпен бейбіт атом саласындағы ынтымақтастықты қолдауға дайын екенін мәлімдеді.
Америка басшысы бұл туралы бүгін 23 шілдеде Truth Social желісінде хабарлап, екі елдің Энергетика министрліктері арасындағы уағдаластық тек азаматтық инфрақұрылымды дамытуға бағытталатынын мәлімдеді. Оның айтуы бойынша, мұндай формат кезінде Иран мен Біріккен Араб Әмірліктерінде қолданылған тәжірибеге ұқсас. АҚШ тарапы бұған қарсылық білдірмейді.
Дегенмен Вашингтонның түпкілікті келісімі белгілі бір талапқа тәуелді. Трамп бейбіт ядролық бағдарламаны мақұлдаудың басты шарты ретінде Сауд Арабиясының «Ибраһим келісімдеріне» ресми түрде қосылуын атады.
АҚШ Президенті Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «(Келісім) мақұлданады, бірақ тек Сауд Арабиясы үлкен құрметке ие әрі табысты жұмыс істеп тұрған «Ибраһим келісімдеріне» қосылған жағдайда ғана. АҚШ бейбіт ядролық нысандарға (байытусыз) қарсы емес», — деп жазды.
2020 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Ибраһим келісімдері» Израиль мен араб мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қатынасты реттеуді көздейді.
The Wall Street Journal басылымының хабарлауы бойынша Трамп Сауд Арабиясымен тарихи ядролық келісімді мақұлдады. Бұл Корольдік үшін үлкен жеңіс саналғанымен және келісім америкалық компанияларға мол пайда әкелуі мүмкін болғанымен, бірақ Таяу Шығыста ядролық қарудың таралуына қатысты алаңдаушылық туғызады.
Дегенмен Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде: «АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы ядролық келісім бейбітшілікке бағытталған және материалдарды байыту болмайды», — деп жазды.
Еске салайық, Трамп әкімшілігі АҚШ пен Сауд Арабиясы Корольдікті азаматтық ядролық бағдарламамен қамтамасыз ететін және оның аумағында уран байытуға жол ашуы мүмкін тарихи келісімге қол жеткізгенін хабарлады.















