Ресей СІМ баспасөз хатшысы Мария Захарова елінің жоғары дәрежелі генералы Игорь Кирилловтың өлімін жоспарланған лаңкестік шабуыл деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша Захарова кеше, сейсенбі күні түнде Телеграм арнасындағы жазбасында: “Тағы бір лаңкестік әрекет жасалды. Генерал Игорь Кириллов пен оның көмекшісі жоспарлы түрде өлтірілді: адамдар жұмысқа, балалар мектепке және балабақшаға баратын уақытта тұрғын үйдің жанында өлтірілді” деп жазды.
Захарова Батыстың осы лаңкестікке жеткілікті түрде реакция білдірмегенін сынға алып, батыстықтарды Киев режимі күштерінің соғыс қылмыстарын құптаумен айыптап: “Лаңкестік әрекеттерді құптаған немесе оның алдында қасақана үнсіздік танытып отырған барлық адам (осы шабуылдарда) сыбайластар” деді.
Рессейдің Тергеу комитеті сейсенбі күні: “Зерттеулер негізінде желтоқсан айының он жетісі күні Мәскеудегі Рязанский көшесіндегі тұрғын үйдің кіреберісінің жанында скутерге орнатылған жарылғыш зат жарылғаны анықталды. Оқиға салдарынан РФ Қарулы Күштері радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс әскерлерінің бастығы генерал-лейтенант Игорь Кириллов пен көмекшісі қаза тапты” деп мәлімдеді.
Ресейдің Тергеу комитеті сейсенбі күні екі адамның қаза табуына себеп болған Мәскеудің осы көшесінде болған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Американың CNN арнасы бір хабар дереккөзіне сілтеме жасап, Кирилловтың өлімін Украинаның қауіпсіздік қызметімен байланыстырды.
Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Украинаға Кирилловтың өліміне байланысты ауыр құн төлейтінін ескертті.















