21 ақпан күні Өзбекстан мен Ауғанстанды жалғастыратын Хайратон-Мазари-Шариф теміржол желісін қайта құру мен жөндеуге арналған салтанатты шара өтті.
Бұл туралы «Узбекистон темир йуллари» компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Хайратон-Мазари-Шариф теміржол желісін жөндеу жұмыстарының басталуына орай «Хайратон» стансасында ұйымдастырылған шараға «Өзбекстан темір жолдары» мен Ауғанстан темір жол басқармасының өкілдері қатысты.
Қол қойылған келісімге сәйкес, Хайратон-Мазари-Шариф теміржол желісінде жөндеу жұмыстары кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бірінші кезеңде жүк вагондарын қысқа мерзімде «Наибабад» станциясына жеткізу жоспарлануда.
«Өзбекстан темір жолдары» компаниясы жұмыстың алғашқы кезеңін жүзеге асыру мақсатында 120 жұмысшы жіберген.
Хайратон-Мазари-Шариф теміржолының жалпы ұзындығы 75 шақырымды құрайды. Оны 2010 жылы Өзбекстан мамандары салды.














