Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель 1-3 тамыз күндері Қазақстан мен Қырғызстанда ресми сапармен болады.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша бұл жөнінде Еуропалық Одақтың Қазақстандағы және Қырғызстандағы өкілдігі мәлімдеді.
Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілінің сапары бірінші тамызда Қазақстаннан басталып, екі күнге жалғасады. Қазақстанда Боррель ҚР Премьер-Министрдің орынбасары — Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен екіжақты кездесу өткізеді.
Кездесуден кейін бірлескен баспасөз конференциясы өтеді. Сондай-ақ, осы күні Жозеп Боррель Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен келіссөз жүргізеді.
Сенбі, 3 тамыз күні Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Қырғызстанға сапар шегеді. Боррель Бішкек қаласында Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Құлубаевпен екіжақты кездесу өткізеді. Сондай-ақ, Боррельдің Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Бообек Ажикеевпен кездесуі жоспарланған.



















