БАПОР басшысы Филипп Лаззарини бірқатар елдердің саяси мақсаттар үшін агенттікті таратуға күш салып жатқанына тоқталып, агенттіктің тек Палестина мемлекеті құрылғаннан кейін ғана таратылатынын айтты.
Еуразия Тудейдің Samа News агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Филипп Лаззарини «Мен БҰҰ-на мүше елдерден осы қысымдармен күресуді сұраймын, себебі агенттікті таратудағы басты себеп Палестина мәселесін шешу және тәуелсіз Палестина мемлекетін құру жөніндегі болашақ күш-жігерге кедергі келтіруі мүмкін саяси мақсаттар болып табылады», — деді.
БАПОР агенттігінің басшысы сөзінің жалғасында Израиль өкілі алдыңғы аптада өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында осы мәселеге қатысты «БАПОР-ның болуы босқындар мәселесін одан әрі жалғастырады» деген мәлімдеме жасағанына тоқталып, бұл мәселедегі басты мақсаттың палестиналықтарды босқын ретінде тіркеу еместігін айтты.
Филипп Лаззарини Израильдің ресми түрде жасаған өтінішінен бейхабар екенін, алайда бұл режимнің осы мәселеде БАПОР-ға балама ұйым құру туралы келіссөздерге шақырғанына сенімділігін атап өтті.
БАПОР агенттігінің басшысы: «Қазіргі жағдайда БАПОР-ды басқа құрылыммен ауыстыру мүмкін емес, өйткені БАПОР агенттігінің жауапкершілігін қабылдап, дәл осы ұйым сияқты денсаулық сақтау, медициналық көмек және білім беру қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін басқа ұйым жоқ.
Бұл жауапкершілікті тек толық құқығы бар мемлекет немесе билік қана көтере алады. Бұл жауапкершіліктерді орындай алатын жалғыз тарап – келешектегі тәуелсіз Палестина мемлекеті», — деп баса айтты.




















