Дублиннің он мыңдаған тұрғыны қала орталығына жиналып, Палестина үшін бостандық пен әділет талап етті.
Еуразия Тудейдің The Irish Times басылымына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл — Ирландия Республикасының астанасында Палестинаны қолдап, аймақтағы қақтығысты тоқтатуға шақырған бесінші шеруі.
Шеруді ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, шараға 60 мыңнан астам адам қатысқан.
Шеруге қатысушылар Палестина туын ұстап, осы ел үшін бостандық пен әділет талап етті. Шеруді Ирландия-Палестина ынтымақтастығы науқаны ұйымдастырды. Шеруді 120-дан астам ұйымдар мен мекеме қолдады.
Шеруге қатысқан әйелдер қауіпсіздік күштерінің көп болуына қарамастан, қолдарына «Аналар геноцидке қарсы» деп жазылған үлкен баннерлер ұстап шыққан.
Шеруге қатысушылардың бірі Газа секторындағы әрбір күн бір ғасырдай болатынын атап: «Бұл соғыс бізді барлық халықаралық және гуманитарлық құқықтарға деген сенімімізді жоғалтуға мәжбүр етті» деді.
Шеруге қатысушы 25 жастағы бір студент: «Газа секторындағы әкемнің үйі бомбадан қирап, менің отбасым екі ай бойы шатырларда өте қиын жағдайда тұрып жатыр. Жарылыстан кейін мен отбасыммен бейне қоңырау арқылы екі рет қана сөйлесе алдым. Басқа ештеңе істей алмадым» деді.
Сонымен қатар, митингке қатысқан Ирландия Республикасының заң шығарушысы Клэр Дэйли Еуропаның сөз байласуы ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
Ирландия-Палестина ынтымақтастығы науқанының жетекшісі Зои Лоулор шеруге жиналғандарға: «Біздің Палестина халқымен ынтымақтастығымыз ажырамас», — деді.
Сондай-ақ, ол Ирландия үкіметінен Израильге қарсы санкция енгізу бойынша мағыналы әрекеттерді, соның ішінде басып алынған аумақтар туралы заң жобасын, Израильдің елді мекендерін заңсыз иеліктен шығару туралы заң жобасын, сондай-ақ Израильмен барлық сауда-саттықты тоқтатуды талап етті.












