Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әли Акбар Ахмадиан Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Ұлттық қауіпсіздік кеңестері хатшыларының отырысына қатысуда.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша Әли Акбар Ахмадиан Астана қаласына Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 19-шы кездесуіне қатысу үшін елінің жоғары лауазымды делегациясын бастап келді.
Әли Акбар Ахмадиан қазақстандық әріптесінің шақыруымен Иранның Шанхай ынтымақтастық ұйымына тұрақты мүше болып қабылдануынан кейін алғаш рет отырысқа қатысып отыр.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы отырыс шеңберінде ШЫҰ-на мүше елдердің Ұлттық қауіпсіздік кеңестерінің бірқатар хатшысымен келіссөз жүргізеді деп күтілуде.
Айта кетсек, 2-3 сәуірде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 19-шы кездесуі өтіп жатыр.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуы бойынша, кездесу аясында ұйымның жауапкершілік аймағының өзекті халықаралық мәселелері талқыланады.
Кездесу қорытындысы бойынша Ұйымға мүше елдердің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесу хаттамасына қол қою жоспарланған.

















