Мәскеуде өткен ТМД-ға мүше елдер қарулы күштері Штабтар бастықтары комитетінің отырысында әлемдегі әскери-саяси ахуалдың белең алу тенденциялары қарастырылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша 4 сәуірде Мәскеуде Халықаралық әскери орталықта Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштері Бас штабы бастықтары комитетінің отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібіне сәйкес ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы көпжақты әскери ынтымақтастық мәселелерінің кешені қаралды.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша отырыс барысында әлемдегі әскери-саяси ахуалдың белең алу тенденциялары, қауіпсіздікке қатысты сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер мәселелері қаралды.
Кездесуге қатысушылар ТМД-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің ұйымдық-техникалық құрылымын қалыптастыру, бірлескен байланыс жүйесін құру және оның жұмыс істеу қағидаттары туралы ереженің жобасын талқылады.
Ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды қолдануға қарсы іс-қимылды ұйымдастырудың заманауи тәсілдері айтылды.
«Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы: ХХІ ғасырдағы әскери ынтымақтастық және қауіпсіздік» атты бірлескен ғылыми еңбек таныстырылды.
Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы – РФ Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары армия генералы Валерий Герасимовтың төрағалығымен өткен отырысқа Әзірбайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабтарының делегациялары, сондай-ақ Штаб бастықтары комитетінің жұмысына ТМД Атқарушы комитеті мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қорғаныс министрлері Кеңесінің Хатшылығы қатысты.















