ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев Пәкістан Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-лейтенант Асиф Гхафурдың басшылығымен Қазақстанға келген шетелдік делегациямен кездесті.
Еуразия Тудейдің ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сапар барысында пәкістандық делегация Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде, әскери-стратегиялық зерттеулер орталығында, ҚР қарулы күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайында болып, Астананың көрікті жерлерімен танысты.
Асиф Гхафур бастаған шетелдік қонақтармен әскери білім ордасының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков пен ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің өкілдері кездесті.
Кездесуде қонақтарға Ұлттық қорғаныс университетінің тарихы мен оқу бағдарламалары және материалдық-техникалық базасы жөнінде айтылды.
Кездесулер нәтижесінде екі елдің университеттері арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Құжат екі ел арасындағы әскери салада тәжірибе, озық тәжірибелер, кітапхана ресурстарымен алмасуды, симпозиумдарға, конференциялар мен семинарларға қатысуды көздейді.




















