Иран президенті Сейед Ибраһим Раиси Иранның сыртқы саяси басымдығы ретінде сындарлы өзара іс-қимылды нығайту деп атап, Ислам елдерімен ортақ және өзара мүдделерді құптайтынын мәлімдеді.
Евразия Тудейдің хабарлауы бойынша, кеше, бейсенбі күні Ибраһим Раиси Дүниежүзілік Құдс күні қарсаңында Ислам елдерінің елшілері және жауапты тұлғаларымен кездесуінде көршілес елдермен қарым-қатынасты нығайту Ислам республикасының сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі екенін атап: «Иран Ислам Республикасы барлық көршілес және Ислам елдерімен ынтымақтастық орнатуды құптайды. Біздің сыртқы саясатымыздың басымдығы Ислам елдерімен өзара іс-қимылды нығайту және ортақ әрі өзара мүдделерді ілгерілету болып табылады»,- деді.
Иран президенті аймақ пен Ислам елдеріндегі ең үлкен мәселе шет елдердің араласуы деп атады.
«Егер бар мәселенің шешімі Ислам елдерінің өз жауапкершілігінде болса, бұл елдер пікір алмасу және түсіністік арқылы өзара мәселелерді, тіпті аймақтық және аймақтан тыс мәселелерді де оңай шеше алатын еді. Шет елдер өздерінің саясатын, көзқарастары мен мүдделерін Ислам елдерінің мүдделерінен жоғары қояды және ешқашан Ислам елдері мен халықтың бақытын қамтамасыз ету мен мәселелерін шешу туралы ойламайды.
Тәкаппар адамдар Ислам елдерінің бір-бірімен ынтымақтастық орнатуын, бір-біріне серік болуын және жанашырлық танытуын қаламайды. Сондай-ақ олар Ислам елдерінің шынайы жақындығын қандай да жолмен болса да қабылдамайды. Олар өздерінің мүдделерін алауыздықтан, лаңкестіктің таралуынан, жеккөрушілік пен үстемдіктен көреді. Ал Ислам елдерінің мүддесі бір-бірімен ынтымақтастық пен өзара серіктестік орнатуда», -деді.















