Бүгін, 19 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты «Ақорда» резиденциясында күтіп алды.
Еуразия Тудейдің Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың елімізге сапарына орай «Ақорда» резиденциясында Құрмет қарауылы сап түзеп, салтанатты рәсімдер залында екі елдің әнұрандары орындалды.
Одан кейін екі елдің ресми делегация мүшелері таныстырылды. Салтанатты рәсімнен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Жоғары деңгейдегі екіжақты келіссөз нәтижесінде бірқатар маңызды құжатқа қол қойылады деп жоспарланып отыр.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, 18 сәуір күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғызстан президенті Садыр Жапаровты елорда әуежайында күтіп алды.
Кеше Астанада екі ел басшылары осы ел өнерпаздарының гала-концертін тамашалап, Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қырғызстанның мемлекеттік наградаларын табыстады.












