Израиль қорғаныс күштері (ЦАХАЛ) мен Израиль барлау қызметі (Моссад) Иран шабуыл жасаған жағдайда тиісті түрде жауап беру жоспары туралы келісті.
Еуразия Тудейдің Ynet порталына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, егер Иран Израильге өз аумағынан шабуыл жасаса, ЦАХАЛ Иран жерінде тиісті жауап береді.
Wall Street Journal-дың хабарлауы бойынша «Ираннан 24-48 сағат ішінде Израильге тікелей шабуыл жасайды деп күтілуде. Болжамдардың арасында Голан жоталарына немесе тіпті Газа аймағына шабуыл жасау бар. Сол себепті ЦАХАЛ және Моссад тиісті жоспарларын бекітіп қойды».
Еске салайық, 2024 жылғы 1 сәуір күні түстен кейін Дамасктегі Иран Ислам Республикасының дипломатиялық нысандары басып алынған Голан жоталарынан Израильдің әуе және зымырандық шабуылдарына ұшырады. Бұл лаңкестік әрекет он үш адамның, соның ішінде жоғары дәрежелі әскери кеңесшінің қаза табуына және Иранның дипломатиялық нысандарының толығымен жойылуына соқтырды.
Иранның діни жетекшісі Әли Хаменеи Дамаскке шабуыл жасаған сионистік режимді қылмыстары үшін Иранның батыл ерлері өкіндіретінін айтты.
Иранның Қорғаныс министрі Мохаммад Реза Аштиани 13 адамның өмірін қиған Дамасктегі Иран елшілігінің консулдық бөліміне жасалған шабуыл үшін Израильдің ауыр соққы алатынын айтты.
Сонымен қатар Ислам революциясы Сақшылар корпусының бас қолбасшысы бригада генералы Хосейн Салами да «Ислам республикасына қарсы жаудың ешбір әрекеті жауапсыз қалмайды» деп ескерту жасады.












