Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов қазақстандық тараптың Швейцариямен құқықтық саладағы ынтымақтастықты дамытуға ниеті туралы айтты.
Мәжілістің Баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов 26 наурыз күні Бернде Швейцария Конфедерациясына ресми сапары аясында Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы Эрик Нузбаумермен және Швейцария Конфедерациясының федералды кеңесшісі, Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесті.
Мәжіліс спикері кездесуде Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті.
Тараптар достық топтары, комитеттер мен партиялық фракциялар арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Сондай-ақ, сауда-экономика, көлік-логистика, экология, білім беру мен ғылым салаларында серіктестікті қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Эрик Нузбаумер парламентаралық байланыстарды тереңдетуге дайын екенін жеткізіп, достық топтарының жұмысын белсене жалғастыруға мүдделі екенін айтты.
Сондай-ақ Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық Кеңесінің төрағасы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін одан әрі дамытуға депутаттардың атсалысатынына назар аударды.
Швейцария Конфедерациясының Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездесуде тараптар елдер арасындағы экономикалық байланыстарды дамыту тақырыбын да талқылады.
Тараптар Қазақстан азаматтары үшін Шенген аймағының визалық режимін жеңілдету және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы өзара түсіністік жөнінде меморандумға қол қою мәселелері бойынша да пікір алмасты.












