Қытай Сыртқы істер министрі Ван И бүгін, сәуірдің 18, бейсенбі күні Палестинаның Біріккен Ұлттар Ұйымына ресми мүшелігін қолдайтынын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің Global Times-ке сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Қытай Сыртқы істер министрі Ван И бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы алдында Палестинаның тәуелсіз ел ретінде БҰҰ-ға ресми мүше болуын қолдайтынын айтты.
Ол Израиль-Палестина қақтығысы гуманитарлық апатқа соқтырғанын айтып, Қытай үкіметі тез арада және ешбір шартсыз атысты тоқтатуды және одан әрі шиеленісудің алдын алу үшін гуманитарлық көмек механизмін құруды сұрайтынын хабарлады.
Айта кетейік, өткен аптада да Қытай Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Мао Нин баспасөз мәслихатында Қытайдың Палестинаның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелігіне қатысты оң ұстанымын жариялаған болатын.
Палестина билігі жақында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен осы ұйымға толық мүшелік туралы өтінішін қайта қарауды ресми түрде сұрады. Бұл өтініш алғаш рет 2011 жылы жасалды.



















