31 мамыр – Қазақстан тарихындағы ең қасіретті беттердің бірі — миллиондаған адамдардың өліміне әкелген жаппай саяси қуғын-сүргін мен алапат ашаршылықты еске алу күні.
Мемлекет басшысы Twitter-дегі ресми парақшасында 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жазба жариялады.
«Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу — баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыздың үмітін ақтауымыз қажет» , — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
1997 жылдан бері Қазақстанда жыл сайын саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі.
Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерттеу орталығына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев орталықта құжаттарды сақтау шартымен, мұрағат құжаттарын қалпына келтіру және микрофильмдеу кабинеттерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар Мемлекет басшысына өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін тарихына қатысты материалдар бойынша жүргізілген жұмыстардың экспозициясы көрсетілді.
Мемлекет басшысы тарихымызды зерделеу ісінде Орталықтың жұмысы маңызды екенін атап өтіп, ұжымға сәттілік тіледі.



















