Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш ашылу салтанаты 26 шілдеде Парижде өтетін Олимпиада ойындарының құрметіне баршаны қаруларын тастауға шақырды.
Еуразия Тудейдің Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша Антониу Гутерриш 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін 2024 жылғы Жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына алдын ала жазылған бейне үндеуінде: «Әлем Парижде спорттың күшін тойлау үшін жиналады», — деді.
Антониу Гутерриш Олимпиада ойындарының үміт сыйлайтынын, мәдени айырмашылықтарды жеңетінін, адамдарды біріктіретінін және өзара сыйластық пен әділ ойынға ықпал ететінін айтты.
Гутерриш: «Олимпиада бітімінің рухында мен баршаны қаруларын тастап, көпірлер салуға, ынтымақты нығайтуға және баршаға ортақ бейбітшілік орнатудың түпкі мақсатына ұмтылуға шақырамын. Олимпиада алауы бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісімнің жолын нұрландырсын», -деді.
2023 жылдың қараша айында БҰҰ Бас Ассамблеясы БҰҰ-на мүше елдерді Парижде Олимпиада ойындары басталғанға дейін жетінші күннен бастап Олимпиада аяқталғаннан кейінгі жетінші күнге дейінгі бүкіл кезең ішінде — 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтетін Паралимпиада ойындары кезінде жеке және ұжымдық түрде Олимпиадалық бітімгершілікті сақтауға шақыратын қарар қабылдады.












