Дональд Трамп АҚШ-тың оқ-дәрі қорының азаюы туралы ақпараттың тарап кетуіне байланысты ауқымды тергеу бастауды тапсырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша АҚШ Президенті Дональд Трамп әскери қордың азаюы туралы құпия деректердің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып кетуіне байланысты Әділет министрлігі мен Пентагонға кінәлілерді анықтау үшін ауқымды тергеу жүргізуді тапсырды. Оның пікірінше, мұндай ақпаратты сыртқа шығару Вашингтонның Иранмен келіссөздердегі ұстанымын әлсіретеді.
Ол өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде: «Қорғаныс компаниялары еліміздің тарихындағы ең көп зауыттар мен фабрикаларды салуда. Осы бір сатқындық мәлімдемелерді таратып жүрген «әшкерелеушілер» қудаланып жатыр. Олардың ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуына қол жеткіземін!» — деп жазды
CNN және Wall Street Journal басылымдарының америкалық басшыларға сілтеме жасап хабарлауынша, Трамп бірнеше апта бойы АҚШ-тың зымырандар мен оқ-дәрі қорларының азаюы туралы есептердің жариялануына қатты наразылық білдірген. Ақ үй басшысы мұндай деректерді таратқандарды «сатқындар» деп атап, олардың жеке басын анықтауды талап етті.
Трамп пен оның кеңесшілері мұндай жаңалықтар Иран өкіметін жігерлендіріп, Вашингтонның Тегеранға қысым көрсету және оның ядролық бағдарламасын тоқтату сияқты әрекеттеріндегі позициясын әлсіретеді деп есептейді.
Америка басшыларының айтуынша, бұл деректерді үкімет ішіндегі соғыстың жалғасуына қарсы және АҚШ-ты қақтығыстан алып шығуды көздейтін тұлғалар әдейі әшкере еткен болуы мүмкін.
АҚШ үкіметі өз әскерінің Иранмен, сондай-ақ Ресей мен Қытай сияқты ірі державаларға бір мезгілде қарсы тұруға жеткілікті қару-жарағы бар екенін мәлімдегенімен, БАҚ-тағы есептер Ақ үйдегі саяси және әскери алаңдаушылықтың артқанын аңғартады.
Сарапшылардың пайымдауынша, бұл жағдай АҚШ президентінің Иранмен қақтығысты реттеудегі мүмкіндіктері шектеулі екенін және әскери қорға қатысты ақпараттың тарауы Вашингтон үшін сыртқы саясатта осы елдің басымдылықтарын азайтып жатқанын көрсетеді.
АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ Қарулы Күштері туралы жалған ақпарат таратқандарды түрмеге жабу жазасын қолдану арқылы сес көрсетті. Америка көшбасшысы БАҚ-тағы америкалық әскер қару-жарақ тапшылығына ұшырады деген хабарламаларға осылай жауап қайтарды.
Трамптың сендіруінше, қару-жарақтың ірі көлемі «қажеттілігіне қарай АҚШ үшін өндіріліп, жеткізіліп жатыр».












