Қытайдың CNPC компаниясының вице-президенті Хуан Юнчжан Қазақстан Республикасындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловпен энергетика саласындағы жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылағанда айтты.
Қазақстан Премьер-министрі баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, Премьер-Министр Әлихан Смайылов кездесуде CNPC Қазақстанның энергетика саласындағы маңызды стратегиялық серіктестерінің бірі екенін және компанияның 25 жылдан астам елімізде табысты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
Әлихан Смайылов мұнай-газ саласының барлық секторындағы ірі жобаларды бірлесе жүзеге асырған жылдар аралығында сенімді серіктестік қатынас орнатқандарын, Қазақстан үкіметі стратегиялық ынтымақтастықты әрі қарай да тереңдетуге ниетті екенін айтты.
Өз кезегінде Хуан Юнчжан бұған дейін де бірқатар бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылғанын, олардың басым бөлігі өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгісі болып саналатынын атап өтіп, компания Қазақстан Республикасындағы қызметін кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.
Хуан Юнчжан Қытай мен Қазақстанды тату көршілер деп атап, CNPC компаниясының екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға үлес қосуға дайын екенін мәлімдеді.
Кездесу барысында тараптар мұнай экспорты, Қазақстандағы CNPC жұмыскерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, сондай-ақ басқа да бірқатар өзекті мәселелерді талқылады.



















