Әзірбайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанның Әзірбайжандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Әлім Байелдің сенім грамоталарын қабылдады.
Қазақстандық дипломат бауырлас Әзірбайжан Республикасында Қазақстан атынан қызмет атқару өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтты. Әлім Байел Қазақстан мен Әзірбайжан мемлекет басшыларының тапсырмалары шеңберінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілету бойынша жұмыс атқаратынын атап өтті.
Сұхбат барысында Әзірбайжан Президенті екі ел арасындағы ынтымақтастық деңгейінің қарқынына көңілінің толып отырғанын айта келе, өзінің Қазақстанға жасаған сапары мен Қазақстан Президентінің Әзірбайжанға жасаған сапарының ықпалдастықтың кеңеюіне үлкен серпін бергенін атап өтті.
Сонымен қатар Әзірбайжан Президенті көлік-логистика саласының екіжақты ынтымақтастықтағы негізгі бағыттардың бірі екеніне назар аударды. Президент бүгінде жүзеге асырылып жатқан бірлескен инфрақұрылымдық жобалар жүк тасымалы көлемін кеңейтуге жақсы мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ Ильхам Әлиев қазақ мұнайының Әзірбайжан арқылы жуырда басталған тасымалының өте маңызды қадам болғанын тілге тиек етті. Әзірбайжан Президенті кездесуде Елшінің қызметіне табыс тіледі.
Өз кезегінде Әлім Байел Әзірбайжан Президентін және халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтап, биыл 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып жатқан Гейдар Әлиевті құрметпен еске алды.
Дипломат сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ елдерімізбен қатар, бүкіл өңір үшін үлкен геоэкономикалық маңызы бар жобаларды жүзеге асырудың екіжақты ынтымақтастықтағы басымдық екендігімен келісті.
Кездесуде сондай-ақ Қазақстан мен Әзірбайжанның халықаралық аренада, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жемісті ынтымақтастық жүргізіп отырғаны аталып өтті.
Биыл Қазақстанда өтетін ТМҰ-ның 10-шы мерейтойлық саммитіне дайындық барысы да талқыланды.




















