Иранның Оңтүстік Кореядағы барлық бұғатталған активтері босатылды. Бұл туралы Иранның Орталық банк басшысы Мохаммад Реза Фарзин өзінің X-тегі парақшасында мәлім етті, деп жазады ақпарат тілшісі.
ISNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Мохаммад Реза Фарзин Х-тегі жеке парақшасында валюталық дипломатия тобын Оңтүстік Кореяда бұғатталған активтерді босатуымен құттықтап, бұл үлкен жетістік екендігін және бұл үдерістің жалғасатынын атап өткен.
Иранның Орталық банк басшысының сөзінше, Иранның Оңтүстік Кореядағы босатылған шамамен 7 миллиард доллар қаражаты Қатардағы Иранның алты банк шоттарына аударылады және қаражат санкцияланбаған тауарларды сатып алу үшін банктік төлем ретінде қолданылады.
Бұған дейін Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің стратегиялық коммуникациялар жөніндегі үйлестірушісі Джон Кирби Иранның Оңтүстік Кореядағы бұғатталған активтері Теһранның бес американдықты түрмеден үй қамағына ауыстыруына байланысты босатылатынын мәлім еткен еді.
Сондай-ақ Иранның басқа да бірнеше елдегі активтері жуырда қолжетімді болады деп күтілуде.














