Бүгін, 8 қыркүйек күні Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Нью-Делиде өтетін G20 саммитіне қатысу үшін Үндістанға барады.
Түркия Президенті Нью-Делиде өтетін 18-ші «Бір әлем, бір отбасы, бір болашақ» атты «Үлкен жиырмалық» саммит отырыстарына қатысады.
Саммит аясында Ердоған G20 елдерінің мемлекет және үкімет басшыларымен келіссөздер жүргізеді.
Режеп Тайып Ердоғанның Үндістанға сапары 10 қыркүйекке дейін жалғасады.
Қазіргі таңда Үндістан астанасы Нью-Делиде «Үлкен жиырмалық» саммитінің өткізілуіне орай қауіпсіздік шаралары мейлінше күшейтілген. Бұл жұмысқа 130 мыңдай тәртіп сақшысы тартылған.
Солардың 80 мыңы – Дели полициясының қызметкерлері.
Қыркүйектің 9-10-ы күндері өтетін саммитке әлемнің ең қуатты елдерінің жетекшілері қатысады. Олар дамушы елдерге көпжақты институттардан молырақ несие беру, халықаралық қарыз архитектурасын реформалау, криптовалюта ережелерін және бүгінгі геосаяси ахуалдың әлемнің азық-түлік пен энергетикалық қауіпсіздігіне әсерін талқылайды.


















