Екі елдің визалық талаптардан өзара босату туралы келісімі 10 қарашадан бастап күшіне енді. Қазақстандықтар бұдан былай Қытайда 30 күнге дейін, алты ай ішінде барлығы 90 күнге дейін визасыз жүре алады.
10 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы визалық талаптардан өзара босату туралы келісім күшіне енді.
Осы Келісімнің 1-ші бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.
Осы ретте азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.
Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет.
Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.
Жоғарыда аталған Келісім ҚХР Гонконг және Макао арнайы әкімшілік аудандарының аумағына баруға қолданылмайтынын атап өтеміз.
Қазақстан азаматтары Гонконгқа визасыз 14 күннен аспайтын мерзімге бара алады, ал Макаоға бару үшін виза рәсімдеу қажет.
Бұған дейін қазақстандықтарға Таиландта 30 күн визасыз жүруге рұқсат берілгені хабарланған болатын. Қазақстан азаматтары 34 елге визасыз бара алады.



















