Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің 2023 жылғы 20-21 қарашада Мажарстанға ресми сапары жоспарлануда.
ҚР СІМ баспасөз қызметінің хабарлауы бойынша сапар барысында Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Питер Сийяртомен және Қазақ-мажар үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Қаржы министрі Михай Варгамен келіссөздер жүргізеді.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация Қазақ-мажар стратегиялық кеңесінің 6-шы отырысына қатысады. Тараптар екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін, сондай-ақ Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның Қазақстанға ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылайды.















