Газа секторы тағы да балалар үшін әлемдегі ең қауіпті аймаққа айналды. Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) басшысы Кэтрин Рассел мәлімдеді.
ЮНИСЕФ басшысы мәлімдемесінде: «Қыс мезгілі де келді. Тараптар балаларды қорғау үшін мүмкін болатын барлық құралды пайдалануы керек. Енді бірде-бір бала соғыс құрбаны болмауы керек», — деді.
Қараша айында БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитеті Газаның өте қысқа уақыт ішінде қорқынышты соғыс аймағына айналғанын, бес апта ішінде 4600-ден астам баланың қаза тапқанын хабарлады.
Қазан айында ұйым өкілдері Анклавқа арнайы барып, жағдайды өз көзімен көріп қайтқан еді. Олардың сөзінше, қарулы қақтығыстан әсіресе сектордың кішкентай тұрғындарына төнетін қауіп орасан. Өйткені, мұнда ауызсу мен азық-түлік тапшы, антисанитариялық жағдай орын алған.
Кэтрин Рассел Газадағы жағдай туралы қазан айындағы мәлімдемесінде әсіресе оңтүстікке эвакуацияланып, отбасынан жырақ қалған босқын балалар мен медициналық көмек алу үшін ауруханаға жақындарынсыз жеткізілген сәбилер үшін қатты алаңдайтынын айтты.
«Өкініштісі, олардың қатары күн санап артып жатыр. Сол себепті жазықсыз бүлдіршіндерге уақытша күтім көрсетіп, ата-анасымен қауышуына жағдай жасауымыз керек»,-деген болатын ЮНИСЕФ басшысы.
Еске сала кетсек, желтоқсанның 1, жұма күні таңертең израильдік әскерилер уақытша атысты тоқтату келісімінің мерзімі біткен соң Газада соғысты қайта бастады.



















