Кишиневтің ТМД-дан 2024 жылдың соңына дейін шығу үдерісін аяқтауымен, бұл халықаралық ұйымның қатары бір елге кемиді.
Телеграмдағы Sputnik Молдова арнасындағы мәліметке сәйкес, Молдованың сыртқы саясат және еуропалық интеграция жөніндегі парламенттік комиссиясының жетекшісі Дойна Герман Кишиневтің жақында қорғаныс және білім беру саласындағы үш келісімді денонсациялағанын айтты.
Осы мәлімет бойынша, Кишинев 2024 жылдың соңына дейін осы ұйым шеңберінде жасалған қалған барлық келісімді денонсациялауды мақсат етіп отыр.
Дойна Герман Молдованың ТМД-дан шығудан экономикалық зардап шекпейтінін айтып, оппозицияның бұл туралы алаңдаушылығын «манипуляция және жалған ақпарат» деп атады.
«Экономикалық жағынан ешнәрсе жоғалтпайтынымыз анық», — деді ол. Депутаттың айтуынша, Молдова ТМД елдеріне төлем жасамайтындықтан ұтады.
Айта кетейік, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы — бұрын КСРО құрамында болған кейбір мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық қатынастарды реттеуге арналған аймақтық халықаралық ұйым.
Ұйымды құру туралы келісімге Ресей, Беларусь және Украина басшылары 1991 жылы 7-8 желтоқсанда қол қойды.
Бүгінде оған Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан мүше. Грузия 1993 жылы мүшелікке өткенімен, 2009 жылы одан шықты.














