Анталияда тұратын қазақстандық отандастарға көмек көрсету мақсатында Қазақстандық іскер адамдар қауымдастығы құрылды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстандық іскер адамдар қауымдастығы Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығының қолдауымен құрылды. Ана тілін, мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын қолдау мақсатында құрылған қауымдастықтың салтанатты ашылуында Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулы Қуат Канафеев шараның маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, Бас консул қауымдастық жоспарларының сәтті жүзеге асуына ниеттестігін білдірді.
Шара барысында жаңа қауымдастықтың дамыту жоспарларын таныстырып өткен Қазақстандық іскер адамдар қауымдастығының президенті Динара Мурзағалиева жақын арада қазақ тілі мен Қазақстан тарихын тегін оқытатын курстарды ашу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Айта кетсек, іс-шараға Алания мен Ыстанбұлдағы қазақстандық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ Анталиядағы бірқатар шет елдері қауымдастықтарының жетекшілері де қатысты.



















