Қырғызстан астанасы Бішкекте 2024 жылғы 14 ақпанда Еуропалық Одақ пен Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілдері мен елшілерінің 5-ші кездесуінде қатысушылар Ауғанстандағы қазіргі жағдай мен БҰҰ жетекшілік ететін үдерісті талқылады.
КР СІМ хабарлауы бойынша кездесу барысында сондай-ақ БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен және Кабулдағы Орталық Азия елдерінің дипломатиялық өкілдіктерімен онлайн пікір алмасу болды.
Дохадағы екінші халықаралық кездесу қарсаңында Бішкекте өткен іс-шараға БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі және БҰҰ-ның Ауғанстанға көмек көрсету миссиясының басшысы Роза Отынбаева қатысты.
Айта кетейік, 2023 жылы мамырдың 1-2 күндері Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қатар астанасы Дохада аймақтағы бірқатар елдің арнайы өкілдерін жинап, Ауғанстан бойынша кеңес өткізген болатын.
Ауғанстан бойынша арнайы өкілдердің Дохадағы екінші халықаралық кездесуі биыл, 2024 жылғы ақпанның 18-19 күндері өтеді.



















