Вашингтон университетінің инженерлері фитнес білезіктеріне балама бола алатын жаңа «ақылды» сырғалар жасап шығарды.
HT Tech сайтының хабарлауы бойынша, «ақылды» сырғада екі термометр орнатылған, олардың біреуі адам денесінің температурасын, екіншісі қоршаған ортаның температурасын өлшейді.
Осылайша сырғалар айырмашылықты талдай отырып, дененің әртүрлі жағдайларын анықтай алады. Атап айтқанда, «ақылды» сырғалар адамның ұйқы сапасын, жүрек соғысын, тамақтану режимі мен стресс деңгейін бақылайды.
Бір қарағанда «ақылды» сырға қарапайым әшекей бұйым секілді көрінгенімен, құрылғы иесінің денсаулығын жақсы бақылайды. Қолданушы мәліметтерді смартфоннан көре алады. Мәліметтер смартфонға Bluetooth арқылы жіберіледі.
Жоба авторы Цююэ Сюэнің айтуы бойынша, ақылды сағаттармен салыстырғанда сырғалар денсаулық көрсеткіштерін бақылауда жоғары дәлдікті көрсетеді.
Сырғалардың көлемі кішкене болғанына қарамастан, олар смартфонмен байланысуға арналған Bluetooth модулі және бір зарядта 28 күнге дейін жұмыс істейтін батареямен жабдықталған.
Вашингтон университеті инженерлерінің ойлап тапқан сырғалары сәнді әшекей бұйымы ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтаудың сенімді көмекшісі де бола алады.












