Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Арменияның ҰҚШҰ-ға мүшелігіне қатысты мәлімдеген ұстанымы жөнінде пікір білдірді.
Бұл туралы бүгін, 29 ақпанда, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Сенат отырысы аясында журналистердің сұрақтарына берген жауапта мәлімдеді.
«Менде Арменияның ҰҚШҰ-на мүшелігін тоқтатқаны немесе тоқтата тұруы туралы ешқандай ақпарат жоқ. Біз Арменияның ҰҚШҰ-на қатысуын тоқтатқаны туралы де-факто мәлімдемені көріп отырмыз. Менің білуімше, Армения ешқандай заңды әрекет жасаған жоқ», – деді Роман Василенко.
СІМ орынбасары ұйымның жарғысында мүшелікке өту және одан шығу шарттары нақты көрсетілгеніне тоқталып, Армения ұйымнан заңды түрде шыққанның өзінде ұйым өз қызметін жалғастыратынын атап өтті.
«Келісімшартта барлық шарт қарастырылған: жаңа мүшелердің кіруі де, бұрынғы мүшелердің шығуы да бар. Кейбір елдердің бірі қатысуын тоқтатса да ұйым жұмысын жалғастырады», – деді Василенко.
Бұл ретте Роман Василенко қазіргі уақытта Қазақстан өкілі ҰҚШҰ-ның Бас хатшысы қызметін атқаратынын еске салды.
Сыртқы істер министрінің орынбасары сөзін: «Қазақстан ұйымды нығайтуға тырысуда. Бұл біздің ойымызша, әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін өте маңызды. ҰҚШҰ Қазақстан Республикасы үшін маңызды рөл атқарды, атқаруда және атқаратын болады», – деп түйіндеді.
Айта кетсек, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян елдің ҰҚШҰ-ға мүшелігін де-юре тоқтатуы мүмкін деп мәлімдеген болатын. Бұл туралы Никол Пашинян 22 ақпанда France24 телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеп, егер ұйым Армения алдындағы қауіпсіздік міндеттемелерін орындамаса, ҰҚШҰ-на мүшелігін заңды түрде тоқтататынын айтты.












