Қауіпсіздік кеңесінің кезекті төрағасы Ванесса Фрейзер Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа мүшелерін қарастыру жөніндегі арнайы комитетінің мүшелері Палестинаның осы халықаралық ұйымға толық мүше болуына қатысты ортақ шешімге келе алмағанын хабарлады.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Қауіпсіздік кеңесінің сәуір айындағы уақытша төрағасы Мальтаның БҰҰ-дағы елшісі және өкілі Ванесса Фрейзер жергілікті уақыт бойынша бейсенбі күні кешке Палестинаны Біріккен Ұлттар Ұйымына толық мүшелікке қабылдау мәселесі бойынша арнайы кеңестің екінші отырысын өткізгеннен кейін мүше елдердің консенсусқа жетпегенін хабарлады.
Дегенмен Қауіпсіздік кеңесінің кезеңдік басшысы мүшелердің көпшілігі Палестинаның толыққанды мүшелікке өтуін жақтайтынын мәлімдеді.
Ол: «Көптеген елдер Палестинаның Монтевидео конвенциясында, сондай-ақ Жарғының IV бабында талап етілетін барлық критерийге сәйкес келетіні туралы шындықты мәлімдеді», — деді.
Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Мальтаның елшісі және тұрақты өкілі аталған комитеттің төрағасы ретінде баяндаманың алғашқы жобасын жариялайтынын, кейін не болатынын көретіндерін айтты.
Қауіпсіздік кеңесінің кезеңдік басшысы мұның алдында «Жаңа мүшелерді қабылдау комиссиясы бұл мәселені сәуір айында талқылауы керек деп келіскен едік. Кеңестің кез келген мүшесі мүшелікке қабылдау үшін өз шешім жолын ұсынуы мүмкін екенін бәріміз білеміз» деген болатын.
Палестина — қазір Біріккен Ұлттар Ұйымында тұрақты бақылаушы мәртебесіне ие.
Палестина 2011 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты мүшелігіне өтініш берді, бірақ кейін біраз уақыт тұрақты бақылаушы ретінде қала тұруға шешім қабылдады.
Биыл сәуір айында Палестина БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне БҰҰ-на тұрақты мүше ретінде қосылу мәселесін қайта қарауды сұрап, хат жолдады.
Айта кетейік, мұндай статусқа ие елдер жиналыстардың көпшілігіне қатыса алады және шамамен барлық тиісті құжатқа қол жетімділікке ие бола алғанымен дауыс беру құқығынан кенде.
Палестинадан басқа Ватикан да Біріккен Ұлттар Ұйымында тұрақты бақылаушы ел мәртебесіне ие.
Бұл халықаралық ұйымға елдер Қауіпсіздік Кеңесінің ұсынысы негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен қабылданады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі, егер оның 15 мүшесінің 9-ы осы елдің өтінішіне оң дауыс берсе, өтінішті Бас Ассамблеяға ұсынады. Алайда бұл іс Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің ешқайсысы, соның ішінде Англия, Қытай, Ресей, Америка және Франция өтінішке қарсы дауыс бермесе және оған вето қоймаса ғана жүзеге асады. Одан кейін өтініш БҰҰ Бас Ассамблеясында дауыстың үштен екісін алуы керек.




















