Франция Әзірбайжан Республикасын «екіжақты қатынасқа нұқсан келтірді» деп айыптап, Бакудегі елшісін еліне шақыртты.
Франция Сыртқы істер министрлігі Бакудегі елшісінің кеңес алу мақсатында еліне шақыртылғанын мәлімдеді.
Франция СІМ мәліметінше, ел президенті Эммануэль Макрон Бакудегі елшісі Анн Буайонмен кездескен. Макрон кездесуде Әзірбайжанды соңғы айларда екі ел арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтірген біржақты әрекеттерді жалғастырды деп айыптады.
Наурыз айының соңында Әзірбайжан Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Али Нагиев: «Франция Арменияны Қарабақтағы жаңа соғысқа итермелеп, оны белсенді түрде қаруландырып жатыр» деді.
Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Әзірбайжанда тыңшылық жасады деген айыппен француз кәсіпкері қамауға алынды.
Армения — ҰҚШҰ мүшесі, яғни Ресейдің одақтасы. Өткен жылы Армения Франциядан қару сатып алуды бастады. Осы жылдың ақпан айында Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтататынын мәлімдеді. Сонымен қатар ақпан айында Франция Қорғаныс министрі бастаған делегация тарихта алғаш рет Ереванға келді.
Франция Әзірбайжан Армения аумағында соғыс бастайды деп қорқады, тіпті өткен күзде ЕО-н Бакуге санкция салуға шақырды.
Бұған дейін Эммануэль Макрон Әзірбайжан Арменияның аумақтық тұтастығына қауіп төндіретінін айтып: «Егер Қарабақ Әзірбайжанның аумағы болса, онда Зангезур — Армения аумағы. Әзірбайжан Зангезур арқылы жол ашқысы келеді»,- деп мәлімдеген болатын.
2020 жылғы Қарабақ соғысына дейін де Франция Арменияны қолдаған болатын. Францияда Еуропадағы армяндардың ең үлкен диаспорасы тұрады.
Оксфорд университетінің сарапшысы Лейла Алиева Бакудегі Франция елшісінің шақырылуы өте маңызды белгі болғанымен, ол ауыр зардаптарға әкелмейді деп санайды.
Сарапшы Ариф Юнус те Франция Әзірбайжанмен дипломатиялық қарым-қатынасты бұзады деп санамайды. Сарапшы Францияның ұстанымы шынымен армяншыл болып көрінгенімен, Париж Армениямен қарым-қатынаста Еуропаның қауіпсіздігін басшылыққа алатынын айтады. Оның пікірінше, Париж Оңтүстік Кавказда онсыз да Украина соғысынан басқа тағы бір соғыс басталуы мүмкін деп қорқады.
«Менің ойымша, елшінің шақыртылуы уақытша, бұл Илһам Алиевті Путиннен алшақтату үшін жасалған сигнал», -дейді Юнус.




















