Исламабадта Иран президенті Раиси мен Пәкістан премьер-министрі Мұхаммад Шахбаз Шарифтің бірлескен баспасөз мәслихаты басталды.
Еуразия Тудейдің хабарлауынша, Иран президенті Сейед Ибрахим Раиси Пәкістан Ислам Республикасының премьер-министрі Мұхаммад Шахбаз Шарифпен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында Пәкістан премьер-министрі мен үкіметіне ирандық делегацияны қабылдағаны үшін алғыс айтып: «Бүгін әдемі Исламабад қаласында жүргеніміз үшін ризашылығымды айтамын. Осы мінберден Пәкістанның қайырымды және діндар халқына сәлем жолдап, құрмет білдіремін.
Пәкістандық отбасыларға Иран ислам революциясының мәртебелі, дана көшбасшысы мен Иран халқының сәлемін жеткіземін» деді.
Раиси: «Әрдайым Ислам мен ислам құндылықтарын қорғап, Палестина мен Газадағы мазлұм халықты қолдап келген және Пәкістанның әртүрлі қаласында қасиетті Құдс жерінің азаттығы үшін әрқашан ұрандатқан, ақиқат пен әділетті қорғаған Пәкістан халқына сәлемім мен алғысым бар» деді.
Раиси халықаралық ұйымдардың тиімділігін жоғалтқанына назар аудартып: «Бүгінгі күні бүкіл әлем халқын қынжылтатын жағдай – адам құқықтарын қорғайтын сияқты көрінетін халықаралық ұйымдардың өз тиімділігін жоғалтқаны және Қауіпсіздік Кеңесінің өз міндетін атқармауы. Мұсылмандар мен әлемнің азат ойлы адамдары осы жағдайдан түңілді»деді.
Иран мен Пәкістанның қарым-қатынасы тарихи, мәдени және терең діни байланыс
Иран Президенті Иран-Пәкістан қарым-қатынасын үзілмейтін байланыс деп атап: «Біз дос, бауырлас Пәкістанмен көршілес ел ғана саналмаймыз. Екі елдің байланысы тарихи өркениетті, терең және наным-сенім мен діни байланысқа негізделген. Иран халқын Пәкістан халқымен байланыстыратын нәрсе — сенім. Бұл үзілмейтін байланыс» деді.
Ол екі елдің экономикалық, саяси, сауда және мәдени салаларда барлық деңгейде қарым-қатынасты жақсартуы керектігіне назар аудартып, Иран мен Пәкістан арасында көптеген мүмкіндік бар екенін, мүмкіндіктермен алмасудың екі елдің мүддесі үшін пайдалы екенін айтты.
Раиси сөзінің жалғасында: «Премьер-министрмен және үкімет мүшелерімен кездесулерімізде біз экономикалық, саяси, сауда және мәдени салалардағы және барлық деңгейдегі қарым-қатынасымызды арттыруға шешім қабылдадық» деді.
Раиси екі елдің лаңкестікпен күрестегі ұстанымдарын бірдей деп атап: «Екі ел қауіпсіздікпен, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі және қауіпсіздіктің барлық түрімен күресуге бел будық. Бұл екі елдің ортақ көзқарасы, бір сөзбен айтқанда, адам құқықтарын қорғау екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі саналады. Бұл екіжақты, аймақтық немесе халықаралық ынтымақтастыққа да қатысты» деді.
Раиси Иран мен Пәкістанның үкіметтік деңгейдегі ынтымақтастығының жалғасуына тоқталып: «Екі елдің ынтымақтастығы кейбіреулерге ұнамауы мүмкін, бұл маңызды емес, маңыздысы — екі ел үкіметтері арасындағы ынтымақтастықтың жалғасуы. Бұл ынтымақтастықтың жоғары деңгейде жалғасатынына сенімдіміз» деді.
Аятолла Раиси екі ел арасындағы экономикалық және сауда қарым-қатынас деңгейін қабылдауға келмейді деп атап: «Бірінші қадамда сауда айналымын 10 миллиард долларға арттыруға шешім қабылдадық» деді.
Иран-Пәкістан шекарасы – мүмкіндік
Иран Президенті Раиси Иран-Пәкістан шекарасын мүмкіндік деп атап: «Біз екі елдің ұзын шекарасын мүмкіндік санап, оны екі елдің, әсіресе шекарашылардың, игілігі үшін пайдалану керек деп санаймыз. Мен және премьер-министрдің шекараға қысқа сапармен баруымыз шекаралық базарларды дамыту мақсатын көздеді. Бұл істі арттыра түсуге болады. Жасалған қадамдар жеткіліксіз. Бұл қадамдар шекараның қауіпсіздігі мен халықтың әл-ауқаты үшін жалғастырылуы керек» деді.
Раиси Иран халқы әділетсіз санкцияларды елдің ілгерілеуінің мүмкіндігіне айналдырып, Пәкістан халқымен осы салада, әсіресе ғылым мен технологияның, тасымал және тағы басқа салаларда тәжірибе алмасуға дайын екенін білдірді.
Сөзінің соңында Президент бұл сапар Иран мен Пәкістанның барлық саладағы қарым-қатынасында бетбұрыс нүктесі болатынына сенім білдірді.
Мұхаммед Шахбаз Шариф аятолла Раисидің келуіне қошамет білдірді.
Пәкістанның премьер-министрі аятолла Раисимен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Пәкістанның жаңа үкіметі сайланғаннан кейін жоғары лауазымды тұлғаның еліне бірінші рет келіп отырғанын, бұл мақтаныш сезімін тудырғанын мәлімдеді.












