Ташкент қаласында Қазақстан, Өзбекстан және Әзірбайжан энергетика министрлерінің екінші кездесуі өтті.
Еуразия Тудейдің Энергетика министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кездесу барысында Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстанның энергетикалық секторларын қосу арқылы аймақта өндірілетін жасыл энергияны Еуропаға экспорттау жобасының негіздемесін бекіту, жоба бойынша мемлекетаралық келісімнің жобасын дайындау және басқа да мәселелер талқыланды.
Конференция соңында 1 мамырда Ташкентте үш елдің экономика және энергетика министрлерінің кездесуі қорытындысы бойынша Каспий теңізінің астымен электр кабелін тарту жобасын жүзеге асыру туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Қол қойылған үшжақты меморандум Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстанның энергетика саласындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі арттыру үшін негіз қалайды.
Сонымен қатар электр жүйелерін біріктіру электр энергиясының өзара саудасы мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне жол ашады.
Бұл ретте үш мемлекет күн, жел және су электр станциясы арқылы өндірілген электр энергиясын өзге елдерге экспорттай алады. Бұл үшін Каспий теңізінің астымен басқа елдердің аумағына жоғары вольтты кабелін тарту жоспарлануда.
Қазіргі уақытта бұл жобаны іске асыруда базалық механизмдер талқыланған.
Бұған дейін, 2023 жылдың қараша айында Бакуде Қазақстан, Өзбекстан және Әзірбайжан энергетика министрлерінің кездесуі өткен болатын.




















