АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қазан айының ортасында Өзбекстанның Самарқанд қаласына барып, Орталық Азия елдері мен АҚШ арасындағы C5+1 форматындағы министрлік кездесуге қатысады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі, Үндістандағы елшісі Серджио Гор мәлім етті.
Рубио Өзбекстанға құрамында 100-ден астам америкалық компанияның өкілдері бар іскерлік делегацияны бастап барады. Вашингтон бұл сапарды АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен стратегиялық серіктестігін нығайтуға, дипломатиялық және сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам ретінде сипаттайды.
Кездесуде аймақтың экономикалық өзара байланысын дамыту, энергетикалық қауіпсіздік, сауда мен инвестицияны кеңейту және Орталық Азияға ортақ мәселелер бойынша ынтымақтастықты талқылау жоспарланып отыр.
Рубио сондай-ақ Өзбекстан басшылығымен және Орталық Азияның басқа елдерінің өкілдерімен жеке келіссөз өткізеді деп күтілуде. Тараптар сауда көлемін арттыру, жеке инвестиция тарту және өңір мемлекеттерінің экономикалық жаңғыруын қолдау мәселелерін қарастырады.
Бұл Марко Рубионың АҚШ Мемлекеттік хатшысы қызметіне кіріскелі Өзбекстанға және жалпы Орталық Азияға жасайтын алғашқы сапары. Бұған дейін ол 2025 жылдың қараша айында 2026 жылы Орталық Азияның барлық бес республикасына баруға ниетті екенін айтқан болатын. Қазіргі таңда оның Өзбекстанға сапары ғана ресми түрде жарияланды.
C5+1 — АҚШ пен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан арасындағы дипломатиялық диалог алаңы. Формат 2015 жылы құрылды. Оның алғашқы министрлік кездесуі сол жылдың 1 қарашасында Самарқандта АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри мен Орталық Азияның бес елінің Сыртқы істер министрлерінің қатысуымен өткен.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің мәліметінше, C5+1 аясында экономика, энергетика және қоршаған орта, сондай-ақ қауіпсіздік бағыттары бойынша ынтымақтастық жүргізіледі.
Осылайша, он жылдан астам уақыт өткен соң Самарқанд C5+1 форматындағы министрлік кездесуді қайта қабылдамақ. Бұл жолы дипломатиялық келіссөздермен қатар, 100-ден астам америкалық компания өкілдерінің қатысуы сапардың экономикалық әрі инвестициялық маңызын айқындай түспек.



















