Ғаза секторында соғыс басталғалы Израиль әскері 262 палестиналық журналистің қаза болуына себеп болды.
Еуразия Тудейдің Анадолу агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы Ғазадағы Үкіметтік медиа кеңсесі мәлімдеді.
Ведомствоның мәлімдеуінше, соғыстан 433 журналист жараланған. Ғазадағы Үкіметтік медиа кеңсесі бұл мәлімдемені палестиналық журналистермен халықаралық ынтымақтастық күніне орай жариялады. Кеңсе дерегінше, қаза тапқан журналистердің 26-сы — әйелдер.
Сонымен қатар соғыс басталғалы Израиль күштері 50 журналист пен БАҚ қызметкерін қамауға алған. Олардың 23-і әлі де қамауда отыр. Ғазадағы Үкіметтік медиа кеңсесі тұтқындардың ауыр жағдайда отырғанын мәлімдеді.
Ведомствоның бағалауынша, соғыс салдарынан Ғазадағы медиа секторына келген материалдық шығын 800 миллион доллардан асқан.
Израиль күштері Ғаза секторында 12 баспа басылымының, 23 цифрлық БАҚ-тың, 12 жергілікті радиостанцияның, 16 телеарна мен спутниктік арнаның және 27 баспахананың кеңселерін толық немесе ішінара қиратқан. Сондай-ақ баспасөз бостандығын қорғаумен айналысатын бес ұйымның кеңсесі бүлінген.
Ғазадағы Үкіметтік медиа кеңсесі халықаралық қауымдастықты, БҰҰ-ны, Халықаралық журналистер федерациясын және Араб журналистері федерациясын палестиналық журналистердің құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шара қабылдауға шақырды.
2023 жылғы қазаннан бері Израиль Ғаза секторында әскери операция жүргізіп келеді. Ғазадағы денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, осы кезеңде ондаған мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам жараланды. Сонымен қатар, аумақтағы азаматтық инфрақұрылымның басым бөлігі қираған.
Айта кетейік, палестиналық журналистермен халықаралық ынтымақтастық күні жыл сайын 26 қыркүйекте аталып өтеді.



















